• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат 28 Желтоқсан, 2020

Мәулен Әшімбаев Сенаттың бір жылдағы жұмысын қорытындылады

290 рет
көрсетілді

Мәулен Әшімбаев отандық телеарнаға берген сұхбатында биыл Сенат тарапынан атқарылған жұмыстар мен Парламент қабылдаған заңдарға тоқталып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенат Төрағасы осы жылда бүкіл әлеммен бірге Қазақстан үшін де оңай болмағанын, дүние жүзінде пандемиямен күрес және экономикалық дағдарыстың салдарын жою бағытында көп жұмыс атқарылғанын айтты.

«Біздің елімізде де Президентіміздің басшылығымен ауқымды жұмыс істелді. Пандемиямен күреске қажетті барлық іс-шаралар қолға алынды. Осы жерде негізгі мәселе қаржыға байланысты екені белгілі. Сондықтан Парламент 2020 жылғы бюджетке толықтырулар енгізген кезде, алдағы жылдың бюджетін қарағанда пандемиямен күрес мәселесіне басымдық берді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, экономикалық өсуді қалпына келтіруге, пандемиядан зардап шеккен секторларды және бизнесті қолдауға арналған заңдар да қабылданғаны туралы айтылды.

«Биыл пандемиямен күреске басымдық бере отырып, барлық керекті заңдарды, қажетті нормаларды, бюджетімізді уақтылы және сапалы қабылдадық. Сонымен бірге мемлекеттің стратегиялық мақсаттары да назардан тыс қалған жоқ. Президентіміздің жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруға баса мән бердік. Соған сәйкес саяси жүйемізді жаңғырту және басқару жүйесінің тиімділігін арттыру бағытында стратегиялық маңызы бар заңдар қабылданды», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол биыл Парламент пен Үкімет толық түсіністікпен жұмыс істегенін, соның аясында бірқатар маңызды құжаттар қабылданғанын жеткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметпен бірге «Салық кодексіне» өзгерістер енгіздік. Бұл кодекс тек салық жинау үшін ғана жұмыс істемейді. Экономикамыз қиындықтарға тап болған қазіргідей кезеңде «Салық кодексі» өзінің ынталандырушы рөлін жүзеге асыруы керек. Осындай кезде ол бизнесті, кәсіпкерлерді ынталандыруы қажет. Сол қағиданың негізінде біз Үкіметпен тығыз жұмыс істеп, құжатқа маңызды өзгерістер енгіздік», деп атап өтті  Әшімбаев.

Сенат төрағасы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған заңдар да қабылданғанын айтты. Одан бөлек, биыл Парламент қабылдаған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс» пен «Экологиялық кодекске» кеңінен тоқталды.

Одан бөлек, сұхбат барысында жоғары палатының биылғы атқарған жұмыстары, қабылданған заңдардың маңызы және Парламенттің алдағы мақсат-міндеттері туралы айтылды.

Соңғы жаңалықтар