Елордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Польша Республикасының Президенті Анджей Дуданың қатысуымен Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтті.
Еліміздің Инвестиция және даму министрлігі, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сонымен қатар Ұлттық палатаның еншілес ұйымы Қазақстанның Сытқы сауда палатасы мұрындық болған алқалы жиынға шараға екі мемлекеттің ірі компанияларының басшылары, бизнестің 450-ге тарта өкілі қатысқанын атап өткен жөн.
Халықаралық бизнес-форумда сөз сөйлеген Қазақстан Президенті бұл шараның Польша Президентінің елімізге сапарының аясында өткізіліп отырғанын айтты. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанда Польша кәсіпкерлеріне жұмыс істеуге барынша қолайлы жағдай жасалып отырғанына тоқталды.
– Қазақстандағы Польша азаматтары визалық талаптардан босатылған. Польша тарапы да осындай шешім қабылдағанын қалаймыз. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының маңызды бөлігі болып табылады. Сол себепті Қытай Халық Республикасының идеясын («Бір жол - бір белдеу» - авт.) қолдадық. Оған қосылып қана қоймай, Ұлы Жібек жолын кеңінен дамытуға ат салыстық. Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін автобан салдық. Ресей арқылы Еуропаға шығатын теміржол желісі тағы бар. Бұдан бөлек, оңтүстікке қарай баратын теміржол төселді. Онымен Иран арқылы Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік бар. Аталған бағыттарды қытайлық әріптестеріміз де емін-еркін пайдалана алады. Ал Польша болса Еуропаның кіндігінде орналасқан. Яғни, біздің географиялық орналасу жағдайымыз бірдей. Біз өзара ынтымақтастықты дамытуымыз керек,– деді Елбасы.
Арнұр Асқар,
«Егемен Қазақстан»