• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Сәуір, 2017

​Өскеменнің екі тұрғынын өлтірген адам қамауға алынды

280 рет
көрсетілді

Соңғы аптада бүкіл елді дүрліктірген Өскемен қаласы мен Катонқарағай ауданындағы адам өлімімен аяқталған қылмыстық оқиғаларға байланысты Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Нұрлан Бижанов шұғыл брифинг өткізіп, түсініктеме берді.

«Қазіргі уақытта облыстық Ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы Өскемен қаласының екі тұрғынының өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала жасалған болжам бойынша қазаға ұшыраған жігіт пен Астана тұрғыны арасында бұрынырақта өзара келіспеушілік болған. 30 наурыздан 31-іне қараған түні астаналық кегін алмақ болып, көлігіне өзінің көңілін қалдырған жігіт пен оның досын отырғызып алып, Шешек асуына келеді. Осы жерде кикілжің туындап, соңында астаналық қару қолданып, Өскеменнің екі тұрғынын атып тастаған. Қазіргі уақытта ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін Астана қаласының тұрғыны қамауға алынды», - деді Нұрлан Бижанов.

Облыс прокурорының орынбасары тергеу барысында оқиға орнында ШҚО ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерінің де болғаны анықталғанын, қазіргі уақытта оның қамауға алынып, жұмыстан босатылғанын және қанды оқиғаны жасырды деген айыппен Өскемен қаласының екі тұрғынының қамауға алынып, қылмысқа қатыстарының бар-жоқтығы анықталып жатқанын мәлімдеді. 

Сонымен қатар, Нұрлан Бижанов күдікті өзі атып өлтірген адамдарының денесін көлігіне салып алып, Астанаға бара жатқан жолда тастап кеткенін мойындағанымен, қос жігіттің мәйіті әлі табылмағанын, тергеу тобы іздестіріп жатқанын айтты. Қылмыстық оқиғаның ШҚО ішкі істер департаменті мен облыс прокуратурасының қатаң бақылауына алынғанын, осы іске орай ведомствоаралық комиссия құрылғанын жеткізді.

Облыс прокурорының орынбасары Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында орын алған қылмыстық оқиғаға байланысты да түсініктеме берді. Естеріңізге сала кетейік, 2 сәуір күні Үлкен Нарын ауылында күндізгі уақытта осы ауылдың 1985 жылы туған тұрғынына 1990, 1980, 1977 жылы дүниеге келген үш жергілікті тұрғын қарулы шабуыл жасаған болатын. Ауылдағы дүкендердің бірінің жанында соққыға жығылған жігіт аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс істейтін ағасын көмекке шақырады. Полицейлезде оқиға орнына өз көлігімен жетіп, бауырымен бірге үш жігітті іздеп, көлік жөндеу орындарының бірінен табады. Сол жерде тағы да кикілжің басталып, үш жігіттің біреуі полицейдің бауырын атып, жаралайды. Осы кезде ішкі істер бөлімінің қызметкері 1980 жылы туған жігітке қарсы оқ атады. Ауыр жараланған жігіт емханада көз жұмады. 1977 жылы туған тұрғын оқиға орнынан қашып кеткенімен, соңынан қолға түседі.

«Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 293 бабы, 3 бөлігі «Бұзақылық», ал, полиция қызметкеріне қатысты ҚР ҚК-нің 102 бабы «Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Кейіннен АІІБ қызметкерінің әрекеттері кісі өлтіру, яғни, ҚР ҚК-нің 99 бабына сәйкес қайта сараланды. Ол ұсталып, оған қатысты «қамауға алу» түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды», - деді Нұрлан Бижанов.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар