Адалдық адастырмайды
«Сабырлы, оптимист, жоғары энергетикалық деңгейде өмір сүретін бір адам энергиясы төмен, негативті 9 мың адамның жамандығын басып отырады екен. Жүрегінде адал махаббаты бар, шын мейірімді бір адам күш-қуаты төмен 750 мың адамның жаманшылығын жақсартып, басып отырады. Жанында шексіз тыныштық, рухани сауатты, қайырымды бір адам жер бетіндегі 10 млн төмен деңгейдегі адамның негативін жоғалтып отырады. Әлемде қазір ондай 22 данышпан адам бар», деген деректі оқыдым. Сондай-ақ, материалдық дүниеден азат, ақ ниетті бір адам дүние жүзіндегі нашар энергетикамен ғұмыр кешіп жатқан 70 млн адамның олқы тұстарын толтырып отыратын көрінеді. Жер беті ақ ниетті адамдардың арқасында аман тұр. Дүниені жақсартуға, жамандықты алыс қылып, ізгілікті жақындатуға біз де атсалысайық.
Қыздардың қателігі
Қыздар әдетте тұрмысқа шыққан соң босаңсып кетеді. Сымбатына, көркіне көңіл бөлмейді. Оқу бітіріп, тұрмысқа шыққан жас қыз сол деңгейінде қалып қояды. Ал ері жұмыс істейді, ортамен араласады, көрген-білгені көбейеді, өседі. Сөйтіп жұбайлардың ортасында ортақ әңгіме азайып, алшақтық пайда болады. Сондықтан әйел адам үйде отырып-ақ шет тілін үйренсін, семинарларға қатыссын, жаңа хобби тапсын. Артық салмақ болса, онымен күрессін, әйтеуір ерінбесін.
Екінші қателік – біздің қыз-келіншектер кү-
йеуімен бақытты өмір сүру үшін еңбектенбейді. Күйеуге тиіп алып, «болды, ол өле-өлгенше менікі» деген түсінікпен жүре береді. Бәсекеге қабілетті жар болу үшін «жанып тұру» керек. Ер адамдар әйелдердің өздеріне көңіл бөлгенін қалайды. Сондықтан ханымдар үйдегі еріне еркелеп, оның әрбір тындырған ісіне риза болып, болмашы жетістіктеріне шын қуана білуі тиіс.
Өзгерісті өзіңнен баста
«Күйеуден ажырасқанмын. Жасым отыз бесте, бір балам бар. Тұрмыс құрып, жақсы отбасы болғым келеді. Осы уақытқа дейін біраз жігіттер кездесті, бірақ үйлену туралы әңгіме болмады. Жолым болмай жүр» – деген хат келді. Отыз жастан кейін адамның өмір-өзенде еркін жүзуі қиындай бастайды, тағдыр тұзағынан аяқ алысы ауырлайтын кез болады екен. «Карма» деген түсінік бар. Қазақша түсіндірсем, күнәлар жиынтығының адам өміріне әсері. Ол шарапат болып тие ме, кесепат болып жабыса ма, беймәлім. Сол үшін үнемі жан дүниеңізді тазалап отыру керек. Адам рухани өскен сайын ниеті түзеліп, жүрегі жұмсарған сайын, жақсы бола берген сайын күнәлары кешіріліп, кармасы тазарады. Әр адам іштей өзінің қандай екенін біледі. Сыртыңнан жақсымын деп жар салғаныңмен, кемшіліктеріңді іштей мойындап тұрасың. Іштей де, сырттай да керемет жан болғанға не жетсін? Жақсы қасиеттерді бойыңа сіңіргенде ғана жолың ашылып, алдыңнан ғажап адамдар шығатын болады.
2000 жылдары эзотериканы жаңа зерттеп, таныса бастаған жылдары визуализация әдісін көп қолдандым. Бала-шаға қамымен үйде, ешқандай бизнес туралы ой жоқ кезде, психологтар айтатын «өз-өзіне көңілі толмау» «комплекс», «өзіңді кінәлай беру» дегендерге шомылып жүрген кезде болашақ Құралайдың әдемі суретін елестететінмін. Ол суретте Құралай аппақ тон киіп, ақ әдемі бөрікте, аппақ көлікте сүйкімді күлімдеп қарап тұратын. Қиналған кездерде жүрегімнің түбіндегі сол сұлу Құралайды алып шығып, күндердің күні арманыма жетеріме сенетінмін. Қазір менде соның бәрі бар. Жан дүниемдегі үйлесімділіктің арқасында мен сол ақ көліктегі әдемі Құралайдың деңгейіне жеттім. Жердің бір шетінде жылап отырып хат жазатын қыздарға айтқым келеді: «Өзіңнің ең күшті моделіңді жасап шығара аласың!».
Бәленің бәрі жаман ойдан
Ер адамда «отбасымды тастаймын» деген ой болмайды. Жаман ой бірінші әйелдің басына келеді, ал еркек оны іспен дәлелдейді екен. Мысалы, «осы жігіт менің теңім емес, неге құдай маған осындай күйеу берген?» деп ойлап, санаңда баяғыда жақсы көрген жігітті онымен салыстырып жүрсең, күйеуің басқа біреуге кетуге дайындалады. Сен ойша қыдыртсаң, ол іспен көрсетеді. Сондықтан, қыздар, алдымен өз ойымызды, санамызды тазалайық. Бізде бәрі жақсы болатынына шынайы сенейік. Сенім – ұлы күш.
Жазып алған Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ