• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бизнес 04 Сәуір, 2017

Экспортқа мүмкіндік мол

110 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлеріміз үшін Қытай нарығына қақпа ашылғалы тұр. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзаxметовтің жуырда Қытай Халық Республикасына барған жұмыс сапарының нәтижелері ықпал етпек. Бұл туралы кеше Үкімет үйінде Ауыл шаруашылығы министрлігі және ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен өткен арнайы баспасөз мәслихатында кеңінен сөз болды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның мәлімдеуінше, бүгінде Қытай нарығына шығуға кез келген ел мүмкіндік ала бермейді. Тауар тасымалдау үшін өнімнің талапқа сай екенін дәлелдеу керек. Ол үшін арнайы орган бар. Оған әлемнің 100-ден астам елінен мың­даған өтінімдер түседі. Алай­да, Қазақстанның өтінімдері бірін­ші кезекте қаралады. Себебі, мем­лекет басшылары дең­гейін­де тиісті уағдаластық бар. Ал А.Мырзаxметовтің сапары бары­сында екі жақ 30 шақты өнім­нің бұған дейінгі өтінімдерін топ­тас­тыруға келіскен. «Мәселен, майлы дақылдар ортақ бір xаттама бойынша ресімделеді. Демек, ол өнімдердің инспекциясы да бірден жүргізіледі», деді Г.Исаева. Вице-министрдің айтуынша, ағымдағы айдың соңында Қытай инспекция­сы Қазақстанға келіп, азық-түлік қауіп­сіздігі жүйесін бағалайтын бо­лады. Сол кезде қой етін өңдей­тін отандық кәсіпорындарға да тек­серіс жүргізіледі. «Осы жолы да қытайлық әріптестер ол тек­серістердің бөлек жүргізіле­ті­ніне қарамастан, екеуін де бір­дей өткізуге келісті. Осының арқа­сында Қазақстанның қой етін Қы­тай­ға ертерек экспорттауға бола­ды. Біздің жоспарымызға сәй­кес, ағымдағы жылдың екінші жарты­жыл­дығында қазақтың қой еті көрші елге тасымалданады», деді вице-министр.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бас­таған Қазақстан делегациясы Қы­тай Халық Республикасының ас­танасы – Бейжің қаласында бірнеше ма­ңызды кездесулер өткізген болатын.  Бұл Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қа­зақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақ­стан халқына Жол­дау­ындағы АӨК-ке шет елден инвес­тиция тарту мен ауылшаруашылық өнім­дерінің экспорты бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру және екі жақты тиімді келі­сімдерге қол жеткізу мәселесі бо­йынша жүзеге асты. Мемлекет басшылары – Н.Назарбаев пен Синь Цзяньпиннің деңгейінде «Нұр­лы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламалары бойын­ша өзара ынтымақтастықты нығай­ту жөнінде аса маңызды уағ­далас­тық­тарға қол жеткізілді. Ең алдымен, бұл ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты.

Баспасөз мәслихатында сон­дай-ақ, Қытайдағы кездесулердің қоры­тындысында көршілес елге экспорт­талатын бидай кебегі партияларына қойылатын инспек­ция, карантин және санитарлық та­лап­тар туралы хаттамаға қол қо­йылғаны айтылды. Аталған ке­лісімнің арқасында қазақстандық кәсіпкерлер тұңғыш рет Қытай нарығына бидай кебегін экс­порт­тауға қол жеткізбек.

Сондай-ақ, 2016 жылы қол қо­йылған екі елдің ауылшаруашы­лығы министрліктері арасындағы бірлескен іс-қимыл жөніндегі жос­парды іске асыру, ауыл шаруа­шы­лығы саласында ғылыми-техникалық септестік және «Оңтүс­тік-Оңтүстік» халық­аралық бағдар­ламасы аясында өза­ра ынты­мақ­тасу мәселелері талқы­ланған. Осы ретте ауылша­ру­а­шылық технологиялар трансферті мен ғылыми-техникалық ынты­мақ­тастық жөніндегі ведомствоара-

лық жұмыс тобын жасақтау мен Орталық Азия аймағы үшін се­лек­циялық-генетикалық орталық құру мәселелері де назарға алыныпты.  ҚХР-дың бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесу де нәтижелі болған. Кездесу барысында «Жібек жолы қоры» мен «ҚазАгро» холдингінің ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру бойынша өзара байланысы, «CCIC «China Certification & Inspection Group» тобының ауылшаруашылық өнімдері мен кәсіпорындарын сертификаттауы мәселелері қаралған.

Қытайдың ірі 8 трансұлттық ком­паниясы өкілдерімен ауыл­шаруа­шылық өнімдерін қайта өңдеу жо­баларын қаржыландыруды талқылау барысында АӨК-ке қа­тысты мемлекет саясатының басым бағыттарын және Қазақ­стандағы инвестициялық ортаны жақсартудың жаңа әдістемесі түсіндіріліп, еліміздің мүмкіндіктері тағы бір паш етілген. Сонымен қатар, «China National Machinery IMP&EXP Corp» корпорациясымен алдағы мамырда Алматыда ауылшаруашылық машиналарына арналған көрме ұйымдастыру және ел аумағында машина жасау және жабдықтау зауыттарын салу бойынша келіссөздер жүргізілген. Сондай-ақ, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ пен «Asia Pacific Food Capital Co.Ltd.» және «Wilmart» компаниялары арасында өзара ынтымақтастық және сау­да бойынша келісімшартқа қол қойылған.

Динара Бітікова,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар