• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол 03 Сәуір, 2017

«Ярыштың» төсбелгісі – мұражай төрінде

196 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақ­стан» газетінің 2017 жылғы 27 нау­рыздағы санында журналист Қайрат Әбіл­диновтің «Ярыш – қазақ фут­болының қарлығашы» атты мақаласы жарыққа шық­қан еді.

 Бұл мақалада за­манымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуе­зовтің жас кезінде «Ярыш» командасында ойнағаны туралы айтылған. Осы мақала шығысымен Семей өңірінің ардагер спортшылары, спортсүйер қауым өкілдері телефон шалып, жылы лебіздерін білдірісті. Мұның да өзіндік себебі бар: биыл ұлы жазушы, «Абай жолы» роман-эпопеясының авто­ры Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толып отыр. Мақалада жазушыны тағы бір қырынан көрсету – тұлғаға деген ұлы құрмет, десті ақсақалдар қауымы.

– Соңғы кездері «Егемен Қазақстан» газетінің спорт беті ерекше жанданып, халық­тың саламатты өмір салтына деген қызығушылығын арттырып отыр, – деді осы мақала туралы алғаш хабарласып, өзінің ой-пікірімен бөліскен Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ай­дар Садырбаев. – Әсіресе, Алматы қаласындағы тілшілер қосынының меңгерушісі Талғат Сүйінбайдың және тағы басқа да журналистердің XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универ­сиада кезіндегі берілген тікелей репортаждары көңілімізден шықты. Ал «Ярыш – қазақ футболының қарлығашы» атты мақалаға біздің қосарымыз: Семей қаласының әкімдігі 2013 жылы «Қазақстан футболына – 100 жыл» мерейтойлық медаль шығарып, оны спорт ардагер­леріне, қазақтан шық­қан, ел намысын қорғаған, бай­рақты бәсекелерде көк туы­мыз­ды желбіреткен спорт­шыларымызға табыс еткен болатын. Барша халықты осындай игі істеріміздің бар екендігін ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы хабардар еткіміз келеді.

Айта кететін жайт, «Ярыш» футбол командасының 100 жыл бұрынғы төсбелгісі тарихи жәдігер ретінде Семей қала­сындағы татар мәдени орталығының мұражай бұры­шында сақтаулы тұр.

Раушан Нұғманбекова,

журналист

СЕМЕЙ

Соңғы жаңалықтар