Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-Global: XXI ғасыр әлемі» кітабындағы «G-Global бастамасы адамзат тағдыры туралы ғаламдық пікірталасты өзекті етуге, қазіргіден де қауіпсіз әлемдегі прогресс пен болашақ үшін сындарлы негізде барлық озық күштерді біріктіруге қабілетті» деген байсалды пікірі бүгінде жаһандану идеясына айналған. Соның сәтті көрінісі аталмыш форум аясында жан-жақты айқындалды.
Негізгі сегіз бағыттан тұратын форумның басты оқиғасы – «Аманат» сыйлығына кандидаттарды іріктеу. Қызметі жалпы адами құндылықтарды нығайтуға септігін тигізетін адамдардың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өмір саласында елеулі үлес қосқаны үшін табысталатын сыйлықтың жеңімпаздары тамыз айында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында марапатталатыны форум аясында ресми жарияланды.
Келелі кеңесті ашып, форум жұмысына сәттілік тілеген аймақ басшысы Ерлан Қошанов Елбасы ұсынған «G-Global» бастамасына бүгінде әлемдік саяси институттар, жаһандық саясаткерлер, Нобель сыйлығының лауреаттары, ықпалды сарапшылар оң пікір білдіріп отырғанына тоқталды. Миллиондаған пайдаланушылар «G-Global» платформасына кіруде. Ал, оның идеялары орыс, ағылшын, неміс, басқа да Еуропа тілдеріне аударылды. Бұның өзі игі бастаманы жан-жақты қолдауды көрсетеді, деді әкім.
Форум міндеттеріне сәйкес, G-Global халықаралық жобасын ілгерілету – Елбасының «G-Global: XXI ғасыр әлемі» кітабының тұсаукесерін өткізу, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін және «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын насихаттау болмақ.
Іс-шараға 800-ден астам адам қатысып, форум делегаттары Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақтың бай мәдениетіне арналған «Ұлы Дала қазынасы» атты көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, жиын барысында «Әлемдік кілем» ерекше панносы таныстырылды. Онда жасы, этносы және діни нанымдары әртүрлі қолөнер шеберлерінің еңбектері көпшілік назарына ұсынылған.
Мирас Асан,
"Егемен Қазақстан"
Қарағанды облысы