• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Кино 31 Наурыз, 2017

Қазақ киносы туралы кітап

1540 рет
көрсетілді

Кеше Ұлттық Академиялық кітапханасында «ҚАЗАҚ КИНОСЫ: кеше және бүгін» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Авторы – Қазақ ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының доценті, кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Нәзира Рахманқызы.

Шыны керек, анау «Амангелді» фильмінен бастау алып бүгінге жеткен қазақ киносы небір бұралаң жолдарды бастан өткеріп келеді. Қаншама биікті бағындырды, қаншама талантты танытты. Десе де, жүре түзеліп келе жатқан осы көштің шаруасы әлі де шаш етектен. Соның бірі, қазақ киносының тарихы мен теориясы туралы қазақша жазылған еңбектердің аздығы еді. Бұл кітап сол бір олқы тұсқа қосылған қомақты қазына болды.

Шараға Астанадағы зиялы қауым өкілдері мен өнер саласының майталмандары және жас өскін студенттер қатысып, мұндай еңбектің аса қажеттілігі жайында кеңінен сөз қозғады. «Киноның зерттеушілері, сыншылары болмай, кино басылым болмай оның биік белесті бағындыруы қиын шаруа. Өкінішке қарай, біз бұл жағынан әлі жұтаңбыз. Бұл сала әсіресе, қазақша материалдар жағынан кедей. Ал мына кітап маған қазақ киносы тарихының де­ректі репортажы секілді әсер етті», дейді белгілі кинорежиссер Сламбек Тәуекел.

«Қазақ киносы туралы жазып жүрген мамандар бар ғой, бірақ қазақша ойлап, қазақша жазып, оның проблемаларын қазақтілді ортада көтеріп жүрген кәсіби мамандарымыз азшылық екені айтпасақ та түсінікті. Нәзира солардың бірі. Бұл енді киносүйер қауым мен ізденуші студенттерге таптырмайтын құрал болды», деді белгілі режиссер Талғат Теменов.

Өз кезегінде Қазақ ұлттық өнер университеті «Театр, кино және ТД» факультетінің деканы, режиссер Сәулебек Асылхан авторға шәкірт тәрбиелеумен қатар, университеттің түрлі іс-қағаздарына араласа жүріп осыншама еңбек тындырғанына ризашылығын жеткізе отырып, студенттерді еңбексүйгіштікке ша­қырды.

Шындығында, соңғы 25 жылда қазақ тілінде шыққан кітаптар тым аз екен. «Қазақ киносының тарихы» атты оқулықтан өзге Мәжит Бегалин, Шәкен Айманов туралы естеліктер жинағы, Сатыбалды Нарымбетовтің жақында жарық көрген «Көзімнің қарасы» сынды санаулы кітаптарды ғана есі­мізге түсіре алдық. Ал Нәзира Рах­манқызының еңбектері сол санаулылар сапында. Ол Қазақстан деректі киносының негізін қа­лаушылардың бірі, кинорежиссер Ораз Әбішевтің шығармашылығы туралы «Кинорежиссер Ораз Әбішев», «Ораз Әбішев» атты кітаптардың, «Қазақ киносының тарихы» оқулығындағы «Қазақ деректі киносы» бөлімінің, «Исто­рия искусств Казахстана» атты екі томдық кітаптағы «Қазақ киносының тарихы» бөлімінің авторы. Кино өнері туралы 100-ге жуық мақалалар, рецензиялар, сұхбаттар мен зерттеулердің авторы.

Бұл кітап автордың жеке қара­жатымен жарық көріп отыр.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар