Қарағанды қар суына қарсы тұра алар емес. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кеше Қарқаралы қаласы мен Егіндібұлақ ауылы арасындағы республикалық маңызы бар тас жолдар мен кейбір елді мекендердің аулаларын су баса бастаған.
Нұркен Әбдіров ауылдық округіндегі 9 үйді су шайып кеткен. Аймақтағы төтенше жағдайды қалыпқа келтіруге 80-нен астам адам мен 12 көлік жұмылдырылған.
Ал Шет ауданының Ағадыр кентінде тау бөктеріндегі қар еріп, қызыл су тұрғын үйлерге жақындап келеді. Еріген су жыраларға толып, алты аула мен бір үйді шайып кеткен. Қазіргі таңда суды бұрып, құм толтырылған қаптарды төсеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстарға 72 адам мен 12 арнайы көлік құралдары тартылған. Облыста қауіпті жою мақсатында тасқынға қарсы жедел штаб жұмыс істеуде. Су деңгейі төмендеп келеді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы