Оның санатына Петропавл қаласы, Тайынша, Аққайың, Есіл, Қызылжар аудандарына қарасты 95 ауыл, 1,5 мыңдай тұрғын үй, 5 мыңға жуық тұрғын жатқызылып отыр. Бұдан тысқары 280 шақырым жолды су шайып кетуі мүмкін. Өте-мөте қауіп төндіріп отырғаны – Сергеев су қоймасы. Өйткені, қазірдің өзінде арнасы шөпілдеп тола бастағаны байқалады. Есіл өзеніндегі мұздың көбесі сөгіліп, сең жүре бастаған кезде Петропавл су торабындағы шлюздер амалсыз ашылады. Демек, өзен бойындағы елді мекендер мен облыс орталығы бірталай қиындыққа кезігеді деген сөз. Бұл–әзірге алдын ала болжау ғана. Биыл қар әдеттегіден көп түскенін және жердің тоңы жібімей жатып, қарғын судың сай-саланы қуалап жатқанын ескерсек, алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Ерте көктемнің ең қиындығы осында, дейді жергілікті синоптиктер.
Жағдай қанша күрделі десек те, оң ахуал қалыптастыру жан-жақты әзірлік шараларына тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Табиғаттың тосын «мінезіне» қарсы сақадай-сай дайындықтар ғана айтарлықтай шығынға ұрындырмай, мал-жанның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алары анық. Құмар Іргебайұлының төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте көктемгі су тасқынына байланысты мәселенің егжей-тегжейлі талқылануы сондықтан. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Павел Филиппов ұсынған мәліметтер бойынша қауіп төнген аумақтарды қарғын судан қорғау үшін арықтар қазылып, су өткізгіш құбырларды алмастыру белсенді атқырылуда. 1 миллион текше метр қар шығарылған. Аудандық маңызға ие жолдардағы құбырлардың − 98, республикалық жолдар бойынша 93 пайызы тазаланған. 60 елді мекенде инженерлік жұмыстар жүргізіліп, 70 шақырым қорғаныс бекеттері тұрғызылған. Петропавл қаласындағы Былғары шағын ауданындағы бөгет, Мамлют стансасы маңайындағы арық құрылғылары қалпына келтіріліп, Булаево қаласындағы көлдің айналасы тереңдетілген.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына 2713 жеке құрам, 867 техника, 133 жүзу құралы, 200 мотопомпа, 656 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылатын болады. 7,7 мың тонна қиыршықтас, 4,8 мың тонна құм, 9,5 мың тонна сазбалшық қауіпті жерлерге жеткізілген. 26 гидротехникалық құрылыс жіті бақылауға алынған. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының сөзіне қарағанда, барлық жерлерде қолдағы мүмкіндіктер тиімді пайдаланылып отырған жоқ. Мәселен, Тайынша ауданының Келлеровка елді мекенінде кей бөгеттердің талапқа сай келмейтіні анықталған. Сол сияқты, Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғұл көлінің суын сифонды құбырлар арқылы ағызу үрдісі бәсең. Чириков ауылында су ағызу тоғандары тазаланбаған. Облыс орталығында ұзындығы 11,2 мың метр болатын ашық суағарлардың төрттен бірі ғана аршылған. Қар күрт ерісе, ағын су көшелерге жайылуы әбден ықтимал.
Қала әкімі Марат Тасмағанбетов өз есебінде су басу қаупі зор Жұмысшы, Береке, Ойқала шағын аудандары мен Заречный кентінен 700 мың текше метр қар сыртқа тасылғанын, таяу күндері барлық суағарлар қалпына келтірілетінін, оған 108 техника тартылғанын жеткізді. Тіпті, Ресейдің Екатеринбург қаласынан арықтарды тазалайтын арнайы техника алдыртылған.
Аймақ басшысы тасқынның алдын алуға байланысты кезек күтпейтін міндеттерді атап көрсетті. Басты талап – облыс тұрғындарының қалыпты өміріне ешқандай қауіп төнбеуі тиіс. Төтенше жағдай орын алған жағдайда адамдарды қауіпсіз жерлерге көшіру, жылы киімдермен, ыстық тағамдармен қамту, қоғамдық тәртіп жайы кешенді жүргізілуі тиіс. Қар дер кезінде шығарылса, су ағатын құбырлар уақытында тазаланса, бәрі дін аман болатынын ескертті. Су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға 561 миллион теңге қарастырылып, инертті материалдар мен жанар-жағармайдың жеткілікті қоры жинақталған.
Петропавл және Сергеев су қоймалары, сәйкесінше, 90 және 95 пайызға толғанын, су тасқыны сәуір айында күтіліп отырғанын ескерсек, сақтық жұмыстарын бір сәт те босаңсытуға болмайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы