Ендеше, Ата Заң − мемлекеттік құрылыстың негізін қалыптастырушы ең басты, аса маңызды құжат. КСРО құрамындағы Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы тәуелсіз Қазақстанға қызмет етуге жарамайды. Мысалы, барлық мәселені Кеңес шешеді десе де, сол Конституцияның 6-бабы бойынша билік тек Коммунистік партияның қолында болды. Әйтсе де, КСРО құлап, коммунистік партиядан билік кеткен соң, Жоғарғы Кеңес кеңестер билігін, яғни дәуірі өткен ескі жүйені сақтап қалуға тырысты. Тіпті, жай заң емес, мәртебесі жоғары екенін көрсету үшін тұңғыш рет «конституциялық заң» деген термин пайда болып, 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда билік бөлу принципіндегі дәстүрлі үштік «заң шығарушы, атқарушы, сот билігі» атап көрсетілді.
Дегенмен, онда мынадай жолдар бар еді: «Республика халқының атынан сөйлеу құқы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі мен Президентіне беріледі»; «Заң шығару билігін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырады» (9-10-баптар). Бұл кешегі кеңестік жүйеден қалған Конституцияға тән мәнер болатын әрі ол басқару жүйесінде екіұштылық тудыратын. Бұл жайт тек Қазақстанға ғана емес, сол кездегі посткеңестік республикалардың бәріне тән еді. Салдарынан кейбір ТМД елдерінде конституциялық құрылыс төңірегінде ұзақ-сонар дау туындап, соңы қарулы қақтығыстарға ұласқанын жақсы білеміз. Тәжікстанда 1992 жылы басталып, бес жылдан астам уақытқа созылып, жүз мыңға жуық адамның өмірін қиған соғыс, қантөгіс жағынан Тәжікстандағыдан қалыспайтын Грузия мен Әзербайжандағы қақтығыстар, Ресейдегі 1993 жылғы оқиғалар... бәрі-бәрі өз құзыретін сақтап қалуға жанталасқан Жоғарғы кеңестердің ықпалымен жүзеге асқан еді.
Ол туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде «Мәскеудегі оқиғаларды жіті қадағалай отыра және сол кездегі Ресейде бүтіндей орын алған былық пен заңсыздықтарға ұрындырған атқару билігі мен заң шығару билігі арасындағы текетіресті сараптай келе, Қазақстан экономиканы белсенді ырықтандыруды тек бір орталықтандырылған күшті президент билігі болғанда ғана жүзеге асыра алатынына менің бүтіндей көзім жетті»,– деп атап көрсетті.
Сондықтан елді ешқандай бүлікке ұрындырмай, бар мәселені бейбіт шешу жолын іздестіру керек еді. Осындай аса жауапты кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше біліктілік, саяси сұңғылалық, данагөйлік танытқанын айтпасқа болмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде кешегі Кеңес билігінің өкілетті органы болған Жоғарғы Кеңеспен қатар, жаңа қалыптасқан президенттік институт бірігіп жұмыс істеді. Бұл саяси ахуалдың шиеленісуіне әкеліп соқтырды. Өйткені, мазмұны, мақсат-мүддесі, ұстанымы, табиғаты мүлдем бөлек, тіпті, қарама-қайшы деуге боларлық екі жүйенің қатар өмір сүруі мүмкін емес еді. Жоғарғы Кеңес өзінің биліктегі басымдығын сақтап қалғысы келсе, бұған дейін қоғамымызға беймәлім, сол себепті жұмбақтау көрінетін президенттік билік жаңадан қалыптасу сатысында, сондықтан әлсіз еді.
1992 жылдың басында Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз Қазақстанның талап-тілегіне, мұң-мүддесіне сай келетін жаңа Конституцияның жобасы жасалып, ол 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Алайда, тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның негізінде жасалған оның кемшіліктері аз емес болатын. Жоғарғы Кеңестің консервативтік бағыттағы топ мүшелері екі палаталы Парламент құруға қарсы шықты. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата Заңында мемлекеттің құқықтық және әлеуметтік бағдары анықталғанмен, басқару түрі нақты көрсетілмеді. Онда президенттік және парламенттік республиканың екеуінің де белгілері бар болатын, бұл Конституцияның негізіне парламенттік республика моделі алынды. Президент атқарушы биліктің басында тұрды. Жоғарғы Кеңес заң шығарушы құқықты тек өз қолына алғандықтан, Президент ойындағысын жүзеге асыра алмайтын. Бұл міндетті түрде билік жүйесіндегі қарама-қайшылықты, алауыздықтықты туғызып, елдің өркениетті түрде дамуына кері әсерін тигізетін еді.
Мысалы, тоталитарлық жүйеге тән тоқыраудан арылып, елді өрге сүйреу мақсатында Президент ұсынған әлемдік өркениетке сәйкес келер нарықтық экономикаға байланысты заңдар алынбай, ұзақ-сонар дау-дамайлар туындады. Отарлық қамытынан құтылып, өзгелермен терезесі тең, халықаралық аренада өз орнын батыл белгілер жаңа, баянды, дамыған, беделді егемен мемлекет құру үшін барлық билік тек Президентте болуы керек еді. Осындай бағытта жаңа, жетілген Конституция керектігін түсінген Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған саяси элита 1995 жылы жаңа Ата Заң қабылдауды қолға алды.
Бұл Конституция қағидаттарына сай, Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы ретінде билік тармақтарынан жоғары тұрады. Яғни, ол заң шығарушы, атқарушы, сот – үш билікті өз бақылауында ұстап, олардың арасындағы тепе-теңдік сақталуын қадағалайды. Парламентті таратып жібере алады, себебі, Қазақстан − президенттік басқару жүйесіндегі мемлекет. Сондықтан елімізде конституциялық-президенттік институтты енгізудің аса маңызды мәні бар. Өйткені, Елбасы бұрынғыдай Жоғарғы Кеңеске жалтақтамай, кейде әр минуты алтынға тең уақытты босқа созбай, мемлекет басшысы ретінде еліміздің жан-жақты өсіп-өркендеуіне әсерін тигізер Конституциялық заң күші бар және өзге де нормативтік құқықтық Жарлықтарды дер кезінде шығара алатын болды. Сондай-ақ, Орталық Азияда тұңғыш рет екі палаталы кәсіби Парламент дүниеге келді. Дегенмен, еліміздегі бұл құжат тап сол кезеңде өз міндетін толыққанды атқарып, өзін ақтаған соң дамыған қоғам мүддесіне орай оны одан әрі жетілдіру керек болды. Сөйтіп, 2007 жылғы мамыр айында 1995 жылы қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде осы өте жауапты міндет жүктелген жұмыс тобы құрамына мемлекеттік құқық қорғау органдарының басшылары, бірнеше заңгер-ғалымдар тартылды. Олардың қатарында мен де бар едім. Бұл жұмыс тобын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі басқарды. Әр бабына айрықша көңіл бөліп, зер сала талдап, сараптап, еліміз үшін өте маңызды өзгерістер енгізуге жұмыла кірістік. Соның нәтижесінде біраз құзыретті Парламентке беріп, ендігі жерде әлеуметтік сала (білім беру, денсаулық сақтау, т.б.) министрлерін тағайындарда олар міндетті түрде Парламент Мәжілісінің комитеттері сынағынан өтуге тиіс болды. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдарды мемлекет тарапынан қаржыландыруға жол ашылды.
Міне, үстіміздегі жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Ата Заңымызға халқымыздың, қоғамымыздың, мемлекетіміздің қарыштап алға басуына ықпал етер жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу қолға алынып, осы бағытта құрылған жұмысшы тобының мүшесі ретінде осы ұлы іске өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Сенім білдіргені үшін Елбасына ерекше алғысымызды айтқымыз келеді. Ол кісінің сенімін ақтаған сияқтымыз. Ал жұмыс тобы бір ай бел жазбай еңбек етіп, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөліміне түскен барлық ұсыныстарды сараптап, жөнге келтіріп, мән-мазмұнын Елбасына жеткізді. Жалпы, жұмыс тобының басшысы белгілі қоғам қайраткері Әділбек Жақсыбековтің басшылығымен бірнеше отырыстар өткізілсе, Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығымен екі отырыс болды. Президент жұмыс тобы мүшелерінің әрқайсына пікірімізді айтқызып, зейін қоя тыңдап, кейбір мәселелерді талқыға салып, осы істе асқан білгірлік танытты.
Біз, заңгерлер ол кісінің осы саладағы бұрынғы, бүгінгі барлық мәселеге жетік екенін, Ата Заңымыздың жаңа нұсқасын қабылдарда бүкіл өркениетті елдердің конституцияларын оқып, сараптап, мәселеге кеңінен қанық болғанын білеміз. Осы жолы да Елбасы әр ұсынысқа баса назар аударып, қоғамға пайдалы тұстарын қабылдап, халықтық пікір-пайыммен қатты санасты.
Ата Заңымызға енген соңғы өзгерістер мен толықтыруларды Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың «күшті Президент, беделді Парламент, жауапкершілігі зор Үкімет» деп сипаттаған бір-ақ ауыз сөзімен білдіруге болады. Сөйтіп, бұрын Парламент өкілеттігіне байланысты «функция-қызмет» деген сөз бар еді, енді ол «билік» деп өзгертілді. Бұрын Президент тағайындайтын, Үкімет құрамына кірмейтін мемлекеттік органдар Үкімет құзырына берілді.
Конституция − қатып қалған дүние емес. Жас, жаңа мемлекет болғандықтан, оған дүркін-дүркін өзгерістер, толықтырулар енгізілуі заңды, табиғи жағдай. Шын мәнінде, Конституция − билік пен халық арасындағы келісім. Біз зайырлы− құқықтық әлеуметтік мемлекет құруды мақсат тұтқан елміз. Осы жылдарда Конституциямызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Ата Заңымыздың өркениетті түрде дамуға қажет жаңа сипаттарға ие болуына септігін тигізді. Сөйтіп, 1995, 1998 және 2007 жылдары Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілсе, оның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы мазмұнының сапасында еді. Мұнда еліміздегі азаматтардың дүниеге келгеннен бастап өмірден өткенге дейінгі барлық құқықтары жан-жақты қамтылды. Ешқандай ұлттық, нәсілдік, діни, тағы басқа да кемсітілушіліктерге ұшырамайтынына кепілдік берілді. Конституцияның 5-бабында қамтылған тағы бір жағымды жаңалық – тұңғыш рет идеологиялық және саяси әралуандылыққа жол ашылды. Ақпарат саласында өкіметті сынауға дейін баратын сөз бостандығы қамтамасыз етілді.
Конституцияның 6-бабында бекітілген мемлекеттік меншік пен жеке меншікті бірдей қорғау принципі негізінде жеке кәсіпкерлік қатты дамып, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген жаңа нысандар, ұйымдар, кәсіп түрлері, тауарлар, тағы басқалары пайда болды. Нәтижесінде Қазақстан аз уақыт ішінде іргелі елдердің біріне айналды, аялдамада көлік күту немесе дүкендерде шұбатылған кезектерге тұру, күнделікті қолданылатын немесе басқа да тауарлардың қат (дефицит) болуы бір көрген жағымсыз түстей артта қалды. Мемлекеттік қана емес, жеке меншік газет-журналдар, теле, радиоарналар, жоғары оқу орындары, медициналық орталықтар сияқты қызмет көрсету орындары пайда болды. Кеңестік тоталитарлық жүйеде мұның бірі де жүзеге асуы мүмкін емес еді. Осылайша дер кезінде дүниеге келген, жылдар салып толықтырылып, жаңғырып отырған Ата Заңымыз алғашқы күннен-ақ тәуелсіздігімізге тиімді қызмет етті. Ол Қазақстан азаматтарының заңға қайшы келмейтін барлық құқықтарын қорғайды, олардың ел аумағында өз қалауынша өмір сүруіне, еңбек етуіне, денсаулығын күтуіне, білім алуына, қоғам өміріндегі барлық іс-шараларға белсене атсалысуына, арман - мұраттарын жүзеге асыруына кепілдік береді. Ішкі-сыртқы саясатта да бірінші кезекте еліміздің қауіпсіздігін сақтауды жүзеге асыратын іс-шараларға ұйытқы болады, нәтижесі көз алдарыңызда: тыныштық, бейбітшілік, өзара түсіністік пен сыйласымға негізделген ұлтаралық қарым-қатынас, ынтымақ-бірлік... Сондықтан да Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында былай дейді: «Конституция қолданылған жылдардың ішінде бірде-бір саяси қайшылық дағдарысқа ұшыраған жоқ. Барлық дау-дамай конституциялық рәсімдер негізінде шешілуде». Яғни, Ата Заңымыз қабылданған 20 жылдың ішінде оны басшылыққа ала отырып, Қазақстан тек алға жылжыды.
Сонымен, үстіміздегі жылғы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдағы барлық ережелер еліміздегі Ата Заңның мән-мағынасына, рухына, идеясына, нормалары мен қағидаттарына толыққанды түрде үйлеседі. Бұл заңның күллі ережелері Негізгі Заңды жетілдіруге және жаңғыртуға ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйелерін, адам мен азаматтың бостандығы мен құқықтарын қорғау тетіктерін оңтайландыруға бағытталған; мемлекетіміз, қоғамымыз және жекелеген тұлғалар үшін стратегиялық маңызды мән-мәнісі бар қоғамдық қарым-қатынастарды конституциялық-құқықтық негізде реттеу аясы кеңейтілді. Бұған қоса, мұндағы бірқатар ереже Қазақстанның конституциялық даму үдерісінде объективті түрде, уақыт тынысына сай, ішкі-сыртқы сипаттағы факторларға байланысты туындаған, тек Конституция деңгейінде ғана өзінің реттелуін талап ететін қоғамның тыныс-тіршілігіндегі жекелеген салаларды конституциялық-құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік берді. Бұлардың қатарында халықаралық келісімшарттардың басымдылығын реттеу (4-б.,3-т.), азаматтық институтты жетілдіру (10-б.,2-т.), т.б. мәселелерді айтуға болады. Осылайша, заңдағы бүкіл ережелер оның рөлін арттыруға әрі Қазақстандағы демократиялық институттарды одан әрі дамытуға бағытталып отыр. Мұндағы бірде-бір ереже Ата Заңымыздың 91-бабының 2-тармағында атап көрсетілген Қазақстан Республикасының біртұтас құрылысына, аумақтық тұтастығына, президенттік билік түріне қайшы келмейді. Тіпті, «осы аса маңызды қағидаттарға 91-баптың 2-тармағына «тәуелсіздік» біздің мемлекеттілігіміз үшін «қасиеттілердің қасиеттісі» – оның егемендігін қорғаудың конституциялық кепілдігі болып табылатыны айқын көрсетілген анықтама қосылды. Қазақстан ЕАЭО құрамына кірген, қоғамымызда кейде бірыңғай экономикалық аймақ құрылуына байланысты егемендігіміздің белгілі бір бөлігінен бас тарту және конфедерация құру мүмкіндігі туралы елді ала тайдай бүлдіретін келеңсіз ой-пікірлер айтылып жатқан кезде мұндай шарттылықты енгізу дер кезінде әрі ерекше өзекті екені даусыз.
Осы тұрғыдан алғанда, 91-баптағы 3-тармақ та аса маңызды, оған сәйкес келешекте аумақтық тұтастықты, біртұтастықты, билік түрін, тәуелсіздікті, республика тыныс-тіршілігінің негізін қалайтын қағидаттарды жөн-жосықсыз өзгертуден конституциялық жолмен қорғайтын конституциялық бақылау органы ретінде Конституциялық Кеңестің рөлі күшейеді, себебі, Ата Заңымыздағы кез келген өзгеріс Конституциялық Кеңес еліміздің осы 91-баптың 2-тармағының талаптарына сәйкестігін растап қорытынды шығарғанда ғана жүзеге асады. Заңның ережелеріне жасалған талдау олардың бірде-бірі Конституцияның адам, оның өмірі, құқықтары және бостандығы болып табылатын жоғары құндылықтарына қол сұқпайтынын бекітуге негіз болады. Керісінше, 44-баптың 10-1-тармақшасына орай адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекетіміздің біртұтастығын, егемендігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті күшіне енген заң мен құқықтық актінің республика конституциясына сәйкестігін қарау, сондай жағдайда Конституцияның 91-бабының, 3-тармағында көрсетілген қағидатқа үйлесетіндігі жөнінде қорытынды шығарып беру туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдайды. Сөйтіп, 44-баптың 2-тармағына сай, Мемлекет басшысына адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығының мызғымастай беріктігінің кепілдігін қамтамасыз ету мәселелерінде өзінің құқықтық мәртебесін іске асырудың ықпалды тетіктері беріледі.
Бұл ереже адам мен азамат құқықтарын қорғау аясында заңдылықты бұзудың кез келген түріне шынайы құқықтық кедергі бола білуі тиіс. Ал 10-баптың 2-тармағы, соған сәйкес, 39-баптың 3-тармағына келсек, мұнда әңгіме азаматтың құқығы мен бостандығына қысым көрсету жайында емес, қылмыстық іс-әрекеттері азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке түзеуге келместей зиян келтіретін жандардан мемлекет мүддесін объективті түрде қорғау мәселесі тұр. Сондықтан «Республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі» деген тұжырымдама негізгі конституциялық құндылықтарға қол сұқпайды, керісінше, оларды қорғауға бағытталған. Аталған қорытынды соттан басқа бірде-бір орган немесе лауазымды тұлға адамды азаматтығынан айыру жөнінде шешім қабылдай алмайтынын көрсетеді, бұл құқықтық мемлекет құру қағидаттарына толықтай үйлеседі.
Оның үстіне, «азаматтық» ұғымы келесі элементтерден тұратынын ұмытпау керек: 1). Адамның мемлекетпен байланысы уақытша емес, тұрақты, нық болуы тиіс; 2). Азаматтың мемлекетпен байланысы саяси-құқықтық сипатта өрбиді; 3). Мемлекет пен азаматтың арасында өзара құқықтар мен міндеттер орнығады. Ендеше, азаматтың мемлекет алдындағы міндеттерін бұзуы оны азаматтықтан айыруға негіз бола алады. Мұның бәрі заңның республикамыздың қызмет қағидаттарын дамыта, нақтылай түсетінін білдіреді. Оның 1-бабының 3-тармағы барша халқымыздың игілігі үшін экономикалық дамыту қағидаттарын айқындайды, өйткені, Астана қаласы төңірегінде қаржы саласында ерекше құқықтық жүйені орнықтыру шетелдік инвестиция үшін қолайлы жағдайлар туғызады, мұның еліміздің экономикасын дамытуға оң әсерін тигізетіні даусыз.
39-баптың 2-тармағы қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық қағидаттарын дамытуға бағытталған, сөйтіп, ұлтаралық қана емес, конфессияаралық келісімді бұзуға ықпал ететін кез келген іс-әрекетке конституциялық тыйым салынады; ал 57-баптың 6-тармағы мемлекет тыныс-тіршілігінің ең маңызды мәселелерін демократиялық тәсілдермен шешу қағидаттарын дамытуды көздейді. Бұл тұрғыдан алғанда 91-баптың 2-тармағы – «...тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Тұңғыш Президент негізін салған республика қызметінің негізгі қағидаттары, Елбасы мәртебесі өзгертуге жатпайды» деген қағидатпен үйлесім табуы өте маңызды, ол республика қызметінің негізгі қағидаттарының баяндылығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесін жөн-жосықсыз өзгертуге тырысқан кез келген әрекеттен қорғауға қажет кепілдікті бекітеді. Оның үстіне, ел Президентінің мәртебесі Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 20 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» №83-ІІ Конституциялық заңында бекітілген, сондықтан оның өзгертуге жатпайтыны еліміздің Негізгі Заңының 91-бабының 2-тармағында бекітілуі өте қисынды.
Жоғарыда айтылған мәселелерге терең талдау жасалғанда заңның барлық ережелері дерлік әлемдегі көптеген дамыған елдердің конституциялық заңдарында бекітілгенін және жүзеге асып жатқанын көрсетті. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде (Дубай) халықаралық қаржы орталығы (DIFC) жұмыс істейді, ол БАӘ аумағындағы заңдарға ұқсамайтын, өзіндік азаматтық нормалары әрі коммерциялық құқықтары бар ағылшын үлгісіндегі құқықтар қағидаттарына негізделген өзіндік сот қарауына (юрисдикция) жататындығымен ерекшеленеді. Бұл БАӘ-нің Федералды конституциясына түзету енгізу арқылы жүзеге асты. Нәтижесінде БАӘ-нің ағымдағы заңнамасы Дубайға шетелдік инвестицияларды көптеп тартуға өте қолайлы жағдайлар туғызды, себебі, ағылшын үлгісіндегі құқық оны қолданудағы қарапайымдылықпен ғана ерекшеленбейді, сондай-ақ ол халықаралық қаржы дауларын шешудегі жеделдігі және тиімділігімен де дараланады. Сондықтан жоғарыдағы заңның осы үлгіні енгізген 4-бабындағы 3-тармағының мазмұны өте орынды, терең негізі бар деп ойлаймын.
10-баптың 2-тармағындағы азаматтықтан айыру мүмкіндігін ескертетін қағидат та шетелдік заңдарда бекітілген әрі іс жүзінде қолданылуда. Мысалы, Ұлыбританияда «азаматтық − құқықты емес, жеңілдікті білдіреді» деген ұсыным бар. 2013 жылы исламшылдар жағында соғысу үшін Сирияға кеткен 20 адам Британия азаматтығынан айырылды. Бұл − мемлекеттің, бірінші кезекте, өз жерін қорғауға деген ұмтылысынан туындап отырған жайт.
Сонымен, «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда көрініс тапқан барлық ережелер қандай да бір түрде әлемдегі дамыған елдердің көбінің конституциялық заңдарында бекітілген және бұл мемлекеттерде өте табысты түрде жүзеге асуда. Әр мемлекет, әр азамат үшін өзінің бейбіт өмір сүруіне, мемлекеттік немесе адами құқықтарын қорғауға кепілдік беретін Ата Заңның орны бөлек. Ендеше, еліміздің ең басты, құқықтық құжаты − Конституцияның қадір-қасиетін жете сезінетін саналы азаматтар оған енген соңғы өзгерістер мен толықтыруларды да қуана құптайтыны күмәнсіз.
Өмірәлі ЖАЛАИРИ,
заң ғылымдарының докторы, профессор, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық
заң академиясының ректоры
АЛМАТЫ