• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Наурыз, 2017

Гмо қоспасы бар өнімдер шектелуі тиіс

1570 рет
көрсетілді

Кеше «Ауыл» ХДПП-ның мұрындық болуымен «Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымы мен өндірісінің таңдауы – ГМО-дан ада өмір» атты дөңгелек үстел өтті.

Биолог ғалымдар, ауыл шаруашылығы мамандары қатысқан шараға «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент сенатының депутаты Әли Бектаев төрағалық етті.

Осы жиында «Ауыл» партиясының төрағасы құрамында ГМО бар өнімдер адам өміріне қауіпті екенін айтып, елімізге келетін осындай өнімдерді шектеу қажет деген ұсыныс айтты. 

– Өздеріңізге белгілі, экологиялық таза өнім – таза жерде, минералдық тыңайтқышсыз, пестицидтер мен өзге де техногенді қоспасыз, не болмаса таза шикізаттан заманауи технологиямен өндірілген, ешбір артық қоспасыз алынған өнім. Экологиялық таза азық-түліктің құрамында гендік модификацияланған ағзалар, синтетикалық консерванттар, жасанды дәмдеуіштер мен хош иістен­діргіштер, химиялық тыңайтқыштар, құрт түсуге қарсы дәрі-дәрмектер болмайды, сондықтан  таза болады. Органикалық негізде өсірілген өнім – қашанда пайдалы. Көкөніс пен жеміс-жидектің қауіпсіз және пайдалы болуын Табиғат-Ананың өзі қамтамасыз етіп қойғандай. Неғұрлым сыртқы ықпал аз болса – солғұрлым пайдасы сақталады, – деді ол.

Оның айтуынша, құрамында ГМО бар таяу және алыс шет елдерден әкелінетін өнімдер адам өмірі үшін қауіпті. Құрамында ГМО бар өнімдер өнім қорабында ГМО-ның бар екендігін көрсетуді міндеттейтін заңға қарамастан, қазақстандық нарыққа еркін енуде. Бұл ГМО-ны анықтауға арналған арнайы зертханалардың жеткіліксіздігінен орын алуда. Ал ең басты қауіп – азық-түлікпен қатар, ГМО-ны қолдану технологиясы тұқым, тыңайтыш,  химикаттар түрінде әкелінуде. Ал бұл топырақтың өзін бүлдіреді. Бұл адам өміріне өте қауіпті.

Осы жиында айтылғандай, ГМО-ға қатысты ең либералды заң АҚШ-та екен. Ал Еуроодақ елдері ГМО қосылған азық-түліктерді өндіруге және импорттауға қатаң шектеу қойған. Аталған елдердің тәртібі бойынша, құрамындағы ГМО үлесі 0,9 пайыздан асқан барлық өнімді маркерлеу керек.

Дөңгелек үстелде баяндама жаса­ған­дардың пікірі бір жерден шықты. Елімізге шет елден келетін тұқымдар мен егістікке қажетті материалдардың құрамындағы бөгде гендерді анықтайтын, егістік алқаптарына мониторинг жүргізетін, ГМО-ға қатысы бар қызметтерді тіркеудің, импорттау мен экспорттаудың шарттарын, оларға рұқсат беру жүйесін қадағалайтын кешенді мемлекеттік бағдарлама керек деген тұжырым жасалды. Сондай-ақ, нақты ұсыныстар тізімі әзірленді.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар