• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:43

Өскеменде өнімдер көрмесі өтті

Кейінгі жылдары Шығыста кәсіпкерлікке бет бұрғандар көп. Таяуда «Қазақстанның үздік өнімі – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» атты көрме-байқаулары басталды. Шығыс Қазақстан кәсіпкерлерінің үздік тауарлары мен өнімдері ұсынылған іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

– Бұл көрме отандық кә­сіпорын­­­­дардың жетістіктерін кеңі­нен таныстыруға, сапалы өнім өн­­­­ді­руші бағасымен ұсынуға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға жол ашатын бірегей алаң. Отандық өнімдердің сапасын арттыру, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау көрменің басты мақсаты. Бүгінгі көрмеге облысымыздың 100-ге жуық кәсіпкері қатысып, өз өнімдері мен жетістіктерін көпшілік назарына ұсынып отыр, – дейді Н.Сақтағанов.

Айта кетсек, өткен жылы өңірдің 7 кәсіпорны сапа мен биз­нестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі саласындағы беделді республикалық байқауларда жоғары марапаттарға ие болды. Бұл Шығыс Қазақстан кәсіп­кер­ле­рінің шеберліктерін, дамуға деген ұмтылысының және қыз­метін үздіксіз жетілдіруге деген талпынысының айқын дәлелі.

2025 жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының лауреат­тары атанған облыс кә­сіпорын­дары қатарында «Үздік өнді­ріс­тік мақсаттағы кәсіпорын» аталымы бойынша жеңімпаз атанған «Силумин-Восток» ЖШС және «Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында үздік деп танылған «Эмиль» ЖШС бар.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкер­лер палатасы жүзеге асырып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жоба­сының өңірлік көрмесінде ШҚО-ның барлық дерлік аудандарынан келген 40-тан астам қатысушы өз өнімдерін ұсынды. Сараптамалық комиссия жартылай финалға шыққан 20 ­кәсіпкерді іріктеп алады. Олар өз жобаларын қорғауға ұсынады. Байқау қорытындысы бойынша гранттық конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болатын және 5 миллион теңгеге дейін қаржыландыруға үміткер 10 жеңімпаз анықталмақ. Ондықтан көрінуге әркім үмітті.

– Бұл көрмеге бал, түрлі шөп­тер­ден жасалған шай алып келдім. Шығарып жатқан өнімдерім сұранысқа ие. Шөп шайдың пайдасы зор екені белгілі, иммунитетті көтереді. Нақтырақ айтсақ, 20 түрлі шөптен 6 түрлі шай шығарамыз. Соңғы шығарған өнім Түйетабан шырыны. Бұл асқазанның емі. Әсіресе жаман аурудың алдын алады, – дейді кәсіпкер Алмас Таңғытұлы. 

Облыс әкімі көрмені аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысып шықты. Бал және ара шаруашылығы өнімдері, дәрілік шөп шайлар, ұлттық аспаптар, киімдер мен аксессуарлар, киізден, жүннен және табиғи былғарыдан жасалған бұйымдар, тоқыма ойыншықтар, зергерлік бұйымдар, қымыз және сүт өнімдері, ағаштан жасалған бұйымдар мен үйге арналған декор заттар және басқа да түрлі тауарлар көптің назарына қойылды.

 

Шығыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар