Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа құжат еліміздің технологиялық дамуының басым бағыттарын айқындап, цифрлық мемлекет қалыптастыру ісіне жаңа серпін береді. Стратегия экономиканың түрлі саласына озық технологияларды кеңінен енгізуге, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға және жасанды интеллект экожүйесін дамытуға жол ашуға тиіс.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, «Digital Qazaqstan» стратегиясы жекелеген қызметтерді цифрландырумен шектелмейді. Құжаттың басты мақсаты – елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру. Осы жолда мемлекеттік басқару, экономика және әлеуметтік салада жасанды интеллект кеңінен енгізіледі.
Демек, мемлекеттік жүйелер өзара байланысып, қызметтер азаматтың өмірлік жағдайына қарай автоматты түрде ұсынылады. Мәселен, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу, дәрігерге жазылу немесе білім беру қызметтерін алу үдерісі әлдеқайда жеңілдейді.
Стратегияның тағы бір маңызды бағыты – экономиканы цифрлық трансформациялау. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және қаржы салаларында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар кеңінен енгізіледі. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды азайтуға және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жасанды интеллектіні жаппай енгізу, өнеркәсіп, логистика және энергетиканы цифрландыру ел экономикасына қосымша серпін береді. Ал технологиялық жобаларға тартылатын инвестиция көлемі 10,5 – 16,5 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.
Жаңа стратегия білім саласына да ерекше назар аударады. Құжатта жасанды интеллект мамандарын даярлау, өңірлік IT-мектептер желісін кеңейту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру көзделген. Сонымен қатар оқушылар үшін жасанды интеллект негізіндегі жеке білім беру бағыттарын қалыптастыру жоспарланып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, әлемде жасанды интеллект технологияларын ерте меңгерген елдер жаңа экономикалық көшбасшыларға айналады. Сондықтан «Digital Qazaqstan» стратегиясы еліміздің алдағы онжылдықтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды құжат саналады.
«Мемлекет басшысы үш жыл ішінде елімізді толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойып отыр. Бүгінде жасанды интеллектінің толық экожүйесін қалыптастырып жатқан елдер көш бастап келеді. Мұндай архитектура «AI Economy Stack» деп аталады және ол энергетика мен инфрақұрылым, есептеу қуаттары, деректер мен үлкен тілдік модельдер, цифрлық платформалар және қолданбалы ЖИ-қызметтері деген бес деңгейді қамтиды», деді министр.
Ал ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлының айтуынша, бұл Жарлықтың басты құндылығы – оның саяси маңызында.
«Үш жыл бойы министрліктердің әрқайсысы өз бағыты бойынша ғана цифрландырумен айналысып келді. Ал «Digital Qazaqstan» осының бәрін бір жүйеге біріктіреді. Тағы бір маңызды тұсы оның мерзімінде. 2029 жылға дейінгі кезең – бар-жоғы үш жыл. Бұл – нәтижесі тез арада айқын сезілетін қысқа мерзім. Халық та, бизнес те, шенеуніктер де атқарылған жұмыстың жемісін бірнеше жыл ішінде көре алады. Бірақ ең бастысы – «Қарапайым азаматтың, бизнестің, мұғалімнің өмірінде нақты не өзгерді?» деген сұраққа шынайы жауап табылуы керек. Осы стратегияның негізгі табысы мен жеңісі де дәл осы сұраққа берілетін жауаппен өлшенбек», деді М.Әуелханұлы.
Стратегия үш негізгі бағыт аясында жүзеге асырылады. Біріншісі – азаматтардың мүддесі үшін цифрландыру. Бұл бағытта мемлекеттік қызметтер адамның өмірлік жағдайына бейімделіп, проактивті форматқа көшіріледі. Мысалы, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдау көмектерін алу кезінде азаматтардың қосымша құжат жинауына қажеттілік біртіндеп азаяды. Денсаулық сақтау саласында деректерді талдау негізінде аурулардың алдын алу мен емдеу сапасын арттыру көзделсе, білім беру жүйесінде оқушылардың қабілетіне қарай жеке оқу бағыттарын қалыптастыру жоспарланған.
Екінші бағыт нақты секторды цифрлық трансформациялауға арналған. Құжатта ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және қаржы салаларын цифрлық технологиялар негізінде жаңғырту міндеті қойылған. Сонымен бірге роботтехника, ұшқышсыз жүйелер, цифрлық активтер және ғарыш технологиялары сияқты жаңа салаларды дамытуға басымдық беріледі.
Стратегия аясындағы ең ірі жобаның бірі – «AI Hub» құру. Ол ғылыми орталықтарды, жоғары оқу орындарын, технологиялық компаниялар мен есептеу қуаттарын бір жерге шоғырландыратын өңірлік инновациялық алаң болмақ. Мұнда жасанды интеллект бағытындағы жаңа өнімдер әзірленіп, сынақтан өткізіліп, коммерцияландырылмақ. Мемлекет бұл бастама арқылы елімізді Орталық Азиядағы технологиялық хабтардың біріне айналдыруды көздейді.
Жасанды интеллект дәуірінде елдердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстардан бөлек, технологиялық мүмкіндігімен де өлшенеді. Сондықтан «Digital Qazaqstan» еліміздің цифрлық қызметтерді дамыту кезеңінен цифрлық басқару кезеңіне өтуін қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық құжат ретінде бағаланып отыр.